"Өткеніме өкінбеймін". 70-ке толған Евгений Жовтистің адам құқығы үшін күресі

Евгений Жовтис. Алматы, 9 тамыз 2025 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушы Евгений Жовтис 70 жасқа толды. Ол отыз жылдан астам уақыт бойы өзі құрған Адам құқықтары жөніндегі бюроны басқарып, беделді ұйымға айналдырды. Былтыр ол басшылық қызметінен кетті. "Азаттық Азия" Жовтистің мерейтойы қарсаңында одан сұхбат алып, жетістіктері, құқық қорғаушы жұмысындағы келеңсіз оқиғалар және түрмеде өткізген жылдары туралы сөйлесті.

ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖОЛЫНА ТҮСУГЕ ТҮРТКІ БОЛҒАН ОҚИҒА

Евгений Жовтис 1955 жылғы 17 тамызда Алматыда жазушы Александр Жовтис пен дәрігер Галина Плотникованың отбасында дүниеге келіп, бүкіл өмірін туған қаласында өткізген.

Біз құқық қорғаушымен оның ата-анасы тұрған, совет кезеңінде салынған азқабатты үйдегі пәтерінде әңгіме құрдық. 2012 жылы Азаттық осы пәтерде Жовтистен сұхбат алғанда оның жанында қартайған ақ мысығы болған. Бұл мысық қазір жоқ. Бірақ ол сол кезде жасы келсе де иесі түрмеден оралғанша (Жовтис кісі өліміне әкелген жол апаты үшін бас бостандығынан айырылған. Бұл туралы төменде кеңірек айтылады) шыдап баққан.

Шкафтағы сөрелер кітапқа толған. Жұмыс үстелінде компьютер мен құжат файлдары тұр.

Евгений Жовтис Азаттық Азия редакциясына өз пәтерінде сұхбат беріп тұр. Алматы, 9 тамыз 2025 жыл.

Құқық қорғаушы қызметке келуіне не әсер еткенін баяндаған Жовтис отбасы тарихына үңілді. Ол жасөспірім кезінде ата-анасының пәтеріне Совет Одағының КГБ қызметкерлері басып кірген. Оның әкесі жазушы, әдебиеттанушы және аудармашы болатын. Соның үйін тінтіп келген.

— Мұның бәрі сіз екеуміз отырған үйде, тек ата-анам тұрған бірінші қабатта болған, — дейді Жовтис. — Бұл өмір шындығымен алғашқы кездесуім еді. Әкем көп оқитын. Мен де сол кезде "ГУЛАГ архипелагын" және "бүлікшіл" деп аталған әдебиеттерді оқып жүрдім. Олар соны іздеп келген, бірақ бағымызға орай таба алмады. Анам түрмеге отырғызуға түрткі болатын нәрсенің бәрін пешке жағып жатқаны есімде қалыпты.

Евгений Жовтис бала кезінде анасымен түскен суреті.

Жовтистің ата-әжесі Қазақстанға Совет Одағында қуғын-сүргін басталып жатқанда келген. Оның большевик атасы кезінде СССР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған. Ол 1938 жылы тұтқындалып, Сталин лагеріне жіберілген де, төрт жылдан кейін қайтыс болған. Ал Мәскеудегі МХАТ театрының актрисасы болған әжесі Алматыға көшіп келген.

Құқық қорғаушының әкесі Александр Жовтис совет идеологиясына сын көзбен қарап, тоқырау жылдарында қудалауға ұшыраған. Ол Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров сияқты жазушылардың еңбектерін аударғаны үшін "қазақ ұлтшылы" деп айыпталып, университеттегі оқытушылық қызметінен шеттетіліп, жоғары оқу орнынан шығарылған.

"Өзгеше ойлайтын" отбасы елде тыйым салынған Азаттық радиосы, "Неміс толқыны", Би-би-си радиоларын тыңдайтын. Осылайша Евгений Жовтис Вьетнамдағы соғыс пен совет әскерлерінің Чехословакияға басып кіруі туралы балама ақпарат алып отырған.

Отбасылық альбомында сақталған ескі суреттердің бірінде жас Жовтис мұз үстінде тұр. 17 жасқа дейін ол мәнерлеп сырғанаумен айналысып, спорт шеберіне үміткер, Қазақстан құрамасының мүшесі болған. Жаттығу кезінде алған жарақатынан кейін спорттағы мансабын аяқтауға тура келген.

Мектепті тәмамдаған Евгений Жовтис политехникалық институтқа "Тау-кен инженер-экономисі" мамандығы бойынша оқуға түскен. Жоғары оқу орнын бітірген соң ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, Тау-кен істері институтына жұмысқа орналасқан.

Бала кезінде Евгений Жовтис мәнерлеп сырғанаумен шұғылданған.

1982-1990 жылдары Жовтис Әуезов аудандық сотында халық заседателі (алқабилер сотының баламасы) болған.

— Судьяның екі заседателі болатын. Мен солардың бірі едім. Біз өте принципшіл болдық. Судья айыптау үкімін, біз екеуміз ақтау үкімін шығарып, көпшілік дауыспен кейбір адамдарды түрмеден құтқарып қалатынбыз. Жоғарыдан қандай да бір нұсқау түскен ауыр істерде судья бір өзі шешім қабылдағысы келіп, бізді шеттетуге тырысатын, — деп еске алады ол. — Сол кезде менде еркіндік, әділет және адам қадір-қасиетін құрметтеу дейтін үш принцип қалыптасты.

1980 жылдардың аяғында Жовтис өз принциптерін іске асыру үшін "саясатқа ұмтылды". Ол белсенділер Сергей Дувановпен, Дос Көшіммен танысып, солармен бірге оппозициялық Социал-демократиялық партияның негізін қалады.

1990 жылдардың басында Жовтис Жоғарғы кеңеске сайлануға талпынып, тіркеу кезіндегі кедергілерден өте алмаған.

— Сол кезде мен кәсіби саяси қызметпен айналысқым келмейтінін түсіндім. Билік үшін күрес менің жолым емес деп түйдім. Содан бері ешбір партияның мүшесі болған емеспін, — дейді ол.

БЮРОНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫ ЖӘНЕ ТАНЫМАЛДЫҚТЫҢ КЕРІ ӘСЕРІ

1993 жылы Жовтис жақтастарымен бірге Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросын құрып, оған жетекшілік етті. Оны бұл қадамға Ислам Каримов режимін сынайтын құқық қорғаушы Абдурахим Пулатовтың ұсталуы түрткі болған. Оны Бішкекте өткен құқық қорғау конференциясынан өзбек арнайы қызметі ұрлап әкеткен.

Жовтистің сөзінше, 1990 жылдардың басында қоғамда адам құқықтары туралы түсінік "мүлдем болмаған", Совет Одағы ыдырағанда жұрттың көбі күйбең тіршілікпен әуре болған.

— Мен де күнкөріс үшін тырыстым, өйткені құқық қорғау қызметімен күнелту мүмкін емес еді. Ол кезде шетелдік гранттар болған жоқ. Ағылшын тілін білгенімнің арқасында аудармалар жасап, ақша табатынмын, — дейді ол.

Үйімнің алдында екі көлік тұратын. Соларға қарап сағат тілі қай уақытты көрсетіп тұрғанын біле беруге болатын: олар бір-бірін алмастырып тұратын.

Адам құқықтары жөніндегі бюро алғашқы жылдары негізінен әлеуметтік, экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен айналысты: қызметкерлер тегін кеңестер ұйымдастырып, кәсіподақтармен байланыс орнатты, олардың мәселелерін көтерді, құқық қорғау топтарының іс-шараларына қатысты.

— Қоғам құқық пен еркіндікті қашан талап ете бастайды? Азамат өзін салық төлеуші және сайлаушы ретінде сезінгеніп, билікті өзі қалыптастыратынын және оны қаржыландыратынын түсінгенде талап ете бастайды. Сол кезде оны "Бұл қандай билік, ақша қайда кетіп жатыр? деген сұрақтар қызықтыра түседі. Байқасаңыз, демократиялық елдермен салыстырғанда совет уақытында біз салықты өзіміз төлемейтінбіз. Біз үшін жұмыс беруші ұстап қалатын. Егер өзің төлесең, "Мені полиция қорғасын деп берген салығым мінеки" деп "Ақша қайда кетіп жатыр, полиция неге мені қорғамайды" деп сұрақ қоясың. Коммунистер мемлекеттің тегін білімі, тегін денсаулық сақтау қызметі туралы айтқанда мен әрдайым мемлекеттің өзі тапқан ешнәрсесі жоғын еске салып отырамын. Мемлекетте не біз берген ақша болады немесе ол қазба байлық сияқты ортақ мүлкімізді жаратады. Авторитар елдерде адамда саяси субъектілік сезімі, оның қолынан бір нәрсе келетіндей сезім болмайды, — деп түсіндіреді құқық қорғаушы.

Біз сұхбат құрған бөлмеде "Алтын адам" мүсіні тұр. Бұл марапатты кейіпкеріміз 2002 жылы "Қазақстанның үздік заңгері" болғаны үшін алған. 2000 жылдардың басында Жовтис құқық қорғау және заң саласындағы көптеген сыйлықтарға ие болып, ол жұмыс істейтін бюроның танымалдығы артты.

Евгений Жовтис аттасы ақын Евгений Евтушенконың суретін көрсетіп тұр.

Бұл танымалдықтың теріс әсері де болды. Құқық қорғаушы билік назарына іліккенін, сырттан біреу бақылап жүргенін байқаған.

— Үйімнің алдында екі көлік тұратын. Соларға қарап сағат тілі қай уақытты көрсетіп тұрғанын біле беруге болатын: олар бір-бірін алмастырып тұратын. Таныстарым менің не істеп, не қойғанымды, қандай елшілікке қай уақытта барғанымды айтатын. Бұл анық сыртқы бақылау еді. Телефонмен сөйлескенімді тыңдайтын, кейде электронды поштамды бұзып кіретін. Мұндай әрекетке мен де, таныстарым мен отбасым да қарық болды. Өйткені бізде КГБ-ның постсоветтік жеңілдетілген түрі жұмыс істеді. Олар азаматтарды, әсіресе өзгеше ойлайтындар мен белсенді азаматтарды қауіп көзі деп көрді. Іс-шараларда азаматтық киімдегі адамдар мені ашықтан-ашық видеоға түсіретін. Кейде сот отырысынан кейін іші бос дәмханаға кірсек, артымыздан жас адамдар келіп, тура жанымызға жайғасатын, — дейді дейді құқық қорғаушы.

1999 жылы бюро кеңсесінде дәл Жовтис отырған кабинетте өрт шыққан.

— Сараптама бұл өрттің қасақана қойылғанын анықтады. Бірақ оған қалай жол берілгені өте таңқаларлық еді, өйткені бұл кеңсе қалалық полиция департаментіне іргелес орналасқан ғимаратта болатын, ал бірінші қабатта жақсы қорғалған "Альфа-Банк" бар еді. Ешкім табылмады. Өрт алғашқы белгі болды. Одан кейін біздің кеңсеміз тоналды, ол басқа мекенжайда еді. 2004 жылы көлігіме есірткі салып кетті. 2005 жылы түрлі түсті революциялар болып жатқан тұста бәз біреудің арызы бойынша кеңсемізде прокуратураның қатысуымен ауқымды тексеріс өтті. Олар біздің қызметімізді мемлекетке қарсы деп атады, — дейді Жовтис.

ТҮРМЕ ЖАЗАСЫ ЖӘНЕ ЕЛДЕН КЕТУ НИЕТІ

2009 жылдың күзінде Жовтис түнде қала сыртындағы тас жолда көлік тізгінінде келе жатып, бір адамды қағып кеткен. Салдарынан бір ер адам қаза тапқан. Жовтис төрт жылға сотталды.

Полиция қызметкерлері сот залында Евгений Жовтистің қолына кісен салып жатыр. Алматы облысы, Бақанас, 3 қыркүйек 2009 жыл.

— Бұл жағдай қайғылы кездейсоқтық еді. Түнгі уақытта жол ортасында бір адам кетіп барады. Шамасы ішіп алған. Мен оны көрмедім, тоқтауға немесе көлікті бұруға ешқандай мүмкіндігім болмады, — дейді ол. — Моральдық және құқықтық жауапкершілікті бөліп қарау керек. Құқықтық жауапкершілік үшін адамның қандай да бір құқықбұзушылық жасағаны қажет. Мен жол ережесін бұзбадым, жылдамдықты асырмадым, жедел жәрдем мен полицияны шақырдым. Бірақ бұл мені моральдық жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан мен моральдық шығынды өтедім, жерлеуге бардым. Әуелі іс бойынша куәгер болдым. Полиция бастапқыда жол ережесін жаяу жүргінші, ол соның салдарынан қаза тапты деді.

Арада 16 жыл өтсе де, Жовтис биліктің бұл қайғылы оқиғаны саяси мақсатта пайдаланғанына әлі де сенімді.

— Оларда мұны істеуге екі себеп болды деп ойлаймын. Біріншісі: біз Қазақстандағы адам құқықтарының бұзылуы туралы баяндамаларды белсенді түрде жазып жүрдік, ал сол жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Екіншісі: 2009 жылы ["Қазатомөнеркәсіп" басшысы] Мұхтар Жәкішев ұсталды. Мен оның саяси қудалауға ұшырағанын дәлелдеп, оны қорғаумен белсенді айналыстым, Лондонға бардым, — дейді Жовтис. — Бәрі де не болып жатқанын түсінді.

Евгений Жовтис "Қазатомөнеркәсіп" басшысы, қамауда отырған Мұхтар Жәкішевтің әйелі Жәмила Жәкішевамен бірге баспасөз мәслихатында. Алматы, 22 шілде 2009 жыл.

Құқық қорғаушының айтуынша, түрме оны сындыра алмаған. Ол сотталғандардың өтініші бойынша шағымдар жазып, "бас бостандығынан айыру орындарында отырып-ақ 25-ке жуық сот ісінде жеңіп шыққан". Бостандыққа шыққаннан кейін Жовтисті жаңа қылмыстық-атқару кодексін әзірлеуге қатысуға шақырып, осылайша оның кәсіби біліктілігін мойындаған.

Бірақ бұл кезде Жовтиске құқық қорғау қызметін доғарып, елден кету жайлы ой келген.

— Мұның бәрі әділетсіз болғанын түсініп, әбден қажыдым. Елден кету туралы ойладым. Оған мүмкіндігім мол еді. Мені Батыс жоғары оқу орындарына дәріс оқуға, халықаралық ұйымдарға жұмыс істеуге шақырып жүрді. Сөйтіп жүргенімде Брюссельдегі конференциялардың бірінде жоғары лауазымды дипломатпен кездестім. Ол маған елде билік ауысатынын, басшылыққа Тоқаев келіп қалуы мүмкін екенін айтты. Бұл 2012 жылдың аяғы болатын. Осы әңгіме тежегендей болды. Алға озып айтар болсам, транзит әлдеқайда ертерек жоспарланған деп түйдім. Шамасы Ресейдің Қырымды оккупациялауы жоспарды кейінге қалдырған. Назарбаев алда не боларын байқап көргісі келген шығар. Бюро жұмысы жолға қойылған, тағы біраз жүре тұрамын деп ойлап 13 жылға қалып қойдым, — деді Жовтис әзіл қосып.

Евгений Жовтис өз кітабына қолтаңбасын қойып отыр. Алматы, 16 сәуір 2012 жыл.

ЖАҢАЗӨЗЕН, ҚАҢТАР ЖӘНЕ САЯСИ ҚУДАЛАУ

Тәуелсіз Қазақстан тарихында екі ірі қанды оқиға болды. 2011 жылғы желтоқсанда Маңғыстау облысының Жаңаөзенқаласында мұнайшылардың ереуілі күшпен басылды: полиция оқ атты, 17 адам қаза тапты. 2022 жылғы қаңтардадәл сол Жаңаөзенде газ бағасының күрт өсуіне байланысты басталған наразылықтар елдің басқа аймақтарына тарады. Алматыда бейбіт шерулер тәртіпсіздіктер мен әкімшілік ғимараттарды өртеуге ұласты. Президенттің бұйрығымен күштік құрылымдар көшедегі адамдарға оқ атты. Қаңтарда кем дегенде 238 адам қаза тапты.

Жовтистің сөзінше, Қаңтар мен Жаңаөзен оқиғаларын әлеуметтік тұрақсыздық, әлеуметтік теңсіздік және әділетсіздік сияқты ортақ факторлар біріктіреді. Ол осы оқиғалар тұсында адам құқығы өрескел бұзылғанын айтады.

— Азаматтардың бейбіт жиналыс еркіндігіне деген құқығы бұзылғаны анық. Бұл құқық бізде көптеген жылдар бойы қамтамасыз етілмей келді. Біздің ауқымды есебіміз бойынша, [Қаңтар кезінде] негіз бар-жоғына қарамастан 10 мыңға жуық адам ұсталды. Азапталмау және әділ сот құқығы, адвокатқа қол жеткізу құқығы бұзылды. Адвокаттарды ұсталғандарға бір жарым апта бойы кіргізбеді. Жедел жәрдем [ауруханасынан] тамшылатқышқа қосылған адамдарды жұлқылап тергеу изоляторына алып кеткенде денсаулық сақтау құқығы бұзылды, — дейді Жовтис.

Журналистер Сергей Дуванов пен Рысбек Сәрсенбай Евгений Жовтисті қолдап акция шыққан сәт. Алматы, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасы кезінде денсаулығына немесе өміріне келтірілген зиянға байланысты өтемақы алу құқығы әлі де бұзылып отыр.

— Бізде кездейсоқ өтіп бара жатқан, бірақ өтемақы ала алмаған адамдар бойынша процестерге үлкен талдау жасалған. [Билік] оқты кім атқаны анықталмады деп отыр. Бірақ мұндай жағдайда мемлекет жауап беруі керек. Халықаралық қауымдастықтың тәуелсіз тергеу жүргізу туралы талабы орындалмады. Резонанс тудырған процесстер мен күш құрылымдары өкілдері соттарының көбі жабық өтті. Ал бұл ақпаратқа қол жеткізу құқығын бұзады, — дейді Жовтис.

Қаңтардан кейін билікті толықтай қолына алған Тоқаев реформа туралы мәлімдеді. Бірақ Ақорданың ресми ұстанымымен келіспейтін белсенділер қудалауға ұшырады. Оппозициялық партия құрамын деген азаматтар сотталып, құқық қорғаушылар оларды саяси тұтқын деп таныды. Халықаралық ұйымдар Астананы осы үшін сынап жатқан тұста Тоқаев былтыр елде саяси тұтқын жоқ деп мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бәрінің өмір сүру құқығы бұзылды". Қаңтар оқиғасын зерттеген құқық қорғаушылардың есебі

"Біздің заңнамамызда азаматтарды саяси көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ" деді Қазақстан президенті "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында.

Жовтис бұл пікірге келіспейді.

— Совет кезеңінде заңнамада саяси қуғын-сүргін туралы бірде-бір сөз болған жоқ. Кейіннен қуғын-сүргін болғаны анықталды. Қуғын-сүргіннің саяси астары бар ма, жоқ па, оны заңда жазудың қажеті жоқ. Экстремизм үшін тыйым салынған ҚДТ (Шетелде тұратын оппозиционер Мұхтар Әблязов құрған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы. Қазақстанда бұл ұйым экстремистік деп танылған – ред.) жұмысына қатысқаны үшін қудаланып отырған адамдар үшін олардың қандай да бір жазбасы табылғаны жетіп жатыр. Адамдар қандай да бір исламдық мәтіндерді талқылағаны үшін қудаланып жатыр. Олар зорлық-зомбылыққа үндемеген, қандай да бір әрекет жасамаған. Бұл адамдар кімдер? Олар – саяси тұтқындар. Оларды тіпті "ар-ұждан" тұтқыны деп атауға болады, өйткені оларды көзқарасы, ұстанымы немесе пікір білдіргені үшін қудалап отыр. Бұл оларды саяси тұтқын деп тануға жеткілікті, — дейді Жовтис.

Қазір Қазақстанда құқық қорғаушылар кеңесі 30-ға тарта адамды саяси тұтқын деп танып отыр. Жовтистің айтуынша, "Назарбаев тұсында билікке ұмтылған саяси оппозиционерлер" саяси тұтқын болса, одан кейін саяси оппозиция жойылып, қазір тек азаматтық белсенділер қалған.

Евгений Жовтис Азаттық радиосының Қаңтар құрбандарына арналған іс-шарасында. Алматы, 1 маусым 2022 жыл. Бұл шарада редакция құрбандардың тізімін ұсынған. Билік Қаңтар оқиғасында қаза тапқандардың фамилиясын тамыз айында ғана жариялады.

Құқық қорғаушы қазақстандық заңнаманың даулы ережелерін халықаралық нормаларға сәйкес келтіру керек деп санайды. Соның ішінде қылмыстық кодекстегі жиі қолданылатын "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы да бар дейді ол. Халықаралық құқық қорғау топтары осы баптың және экстремизмге қарсы өзге заң нормаларының тармақтары бұлыңғыр екенін, оларды билік сыншыларына қарсы қолданылатынын айтқан.

— "Алауыздық" сөзін "өшпенділік" сөзіне алмастыру керек. Онда зорлық-зомбылық белгісі көрсетілуі қажет. Бұл зорлық-зомбылыққа әкеп соққан немесе зорлық-зомбылықтың нақты қаупін тудыратын өшпенділікті қоздырғаны үшін қылмыстық қудалау көзделетін бап болуға тиіс. Қылмыстық кодекстегі 405-бапты (Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу – ред.) қалдыруға болады-ақ, бірақ бірақ бұл қандай да бір салдарға әкеп соққан жағдайда ғана террористік ұйымның қызметіне қатысқаны үшін қудалау болуы керек. Үшіншіден, құқықтық нақытылық пен болжамдылық принципіне сәйкес келмейтін барлық баптар алынып тасталғаны абзал. Мысалы, [әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі] "Қоғамдық бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу", "Бейбіт жиналыстар туралы заңнаманы бұзу", "Діни бірлестіктер туралы заңнаманы бұзу" баптары, дейді құқық қорғаушы.

ЖОВТИСТІҢ ӨКІНІШІ

Былтыр қыркүйекте Жовтис бюро директоры қызметінен кетті. Құқық қорғаушы бүгінде сол шешіміне өкінбейтінін, "өзгелерге жол беру керегін" айтады.

Қазір ел аумағында бюроның 12 филиалы болған. 1998 жылы филиал саны алтау еді.

Жовтис өзінің және өзі құрған ұйымның маңызды жетістіктеріне Қазақстанда 2021 жылы өлім жазасын алып тастауды (оның айтуынша, құқық қорғаушылар бұған 1993 жылдан бері қол жеткізуге тырысқан), Конституциялық сотты қалпына келтіруді, түрмедегі адамдар санын азайтуды және бас бостандығынан айыру орындарындағы жағдайдың елеусіз болса да өзгеруін жатқызады.

Евгений Жовтис футбол алаңында. Құқық қорғаушы бюро жетекшілігінен кеткелі хоббиіне көбірек көңіл бөле алатынын айтады.

— 2004 жылы біз және бізді қолдағандар түрме жүйесін Әділет министрлігіне беруге қол жеткіздік. Бұл үлкен жетістік болды. 2011 жылы мен бас бостандығынан айыру орындарында болған кезімде, оны кері қайтарды. Бұл көңіл қалдырарлық қадам еді, өйткені жазаны орындау жүйесі қылмыспен күресетін және құқық бұзушыларды ұстайтын ведомствоның қарамағында болмауы керек, — дейді Жовтис. — 2020 жылы "Бейбіт жиналыстар туралы" заңды өзгерту туралы шешім қабылданғанда дұрыс заң қабылдау мүмкіндігі туған еді, бірақ нәтижесінде бәрі керісінше болып шықты.

Жовтис бюро жетекшілігінен кеткенімен ондағы қызметін аяқтаған жоқ. Ол әлі күнге дейін кеңес беруші қызметін атқарып, сарапшылықпен айналысады. Қазір спортпен шұғылдануға, әуестенген дүниелерге уақыты көбірек. Компьютерінен әлемнің түкпір-түкпірінде түсірілген суреттерді көрсетті: бірінде үлкен балық ұстап тұр, бірінде футбол ойнап жүр, тағы бірінде әуе шарымен ұшуға дайындалып жатқан сәт бейнеленген.

Евгений Жовтистің сүйікті хоббиі — балық аулау.

"Өткен шаққа оралу мүмкіндігі туса, өміріңізді басқа арнаға бұрар ма едіңіз?" деген сұраққа жауап берерде ол 1990 жылдары таңдау алдында тұрғанын еске алды.

— Мен құқық қорғау қызметімен айналысуды тоқтатып, бизнеске кете алатын едім. Ал ол кезде елде жер қойнауын игеруге инвестиция құю қолға алынын жатқан. Менің білімім, ағылшын тілін меңгергенім қазіргіден 20 есе бақуатты болуға жетер еді. Бұл туралы аздаған өкінішім бар-ақ. Бәлкім, өзіме, отбасыма, болашағыма көбірек көңіл бөлу керек пе еді. Кедей адам емеспін, табысы орташа адамдардың қатарындамын. Қарапайым өмір сүремін, саяхаттауды, балық аулауды ұнатамын. Сол кезде осы жолдың салдары қандай боларын білгенімде, басқа бағыт таңдар ма едім. Бірақ мен өмірімнің кейінгі 30 жылына өкінбеймін, — дейді Жовтис.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Шамына тигеннің бәрін тұқырту". "Экстремизмді қаржыландыру" бабын қалай және кімге қолданып жүр?