Израильде жаппай шеруге шыққандар Газада кепілде отырғандар туралы келісім жасауды талап етті

Тель-Авив көшесіне жаппай шеруге шыққан адамдар. 17 тамыз, 2025 жыл

17 тамыз күні Израильде жаппай шеруге шыққан халық ел үкіметінен ХАМАС тобымен (АҚШ пен Еуроодақта терроритстік ұйым деп танылған) Газада кепілде ұсталып отырған адамдарды босату жөнінде келісім жасасуды талап етті. Оларды ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде күштеп Газаға алып кеткен.

Қырғын құрбандары мен қазір кепілде отырғандардың отбасыларының өкілдері мәлімдеме жасады.

"Израиль үкіметіне қоятын жалғыз ғана қарапайым талабымыз бар: соңғы тұтқынға дейін босату шартымен соғысты тоқтату туралы израильдік мәміле жоспарын бүгіннен қалдырмай ұсынсын", –деді 2023 жылғы 7 қазанда Nova фестивалінде қаза тапқан қыздың анасы Наоми Абир.

Израильдегі жаппай ереуілге жұрттың көбі қолдау білдіріп, жұмысқа шықпады. Жексенбі күні таңертеңнен бастап бүкіл ел бойынша жолдар жабылды, негізгі автомагистральдерде, соның ішінде Тель-Авивтен Иерусалимге баратын жолда да көліктер бөгелді. Полиция наразыларды тарату үшін су шашатын арнайы құрал қолданды.

Хайфада тәртіп сақшылары наразылық акциясына қатысушыларға күш қолданды. Иерусалимде ондаған адам стратегиялық мәселелер жөніндегі министр Рон Дермердің үйінің алдына жиналып, Газада кепілде отырған адамдарды босату және соғысты тоқтату туралы келісім жасауды талап етті.

Жаппай ереуілді технологиялық компаниялар, Тель-Авивтегі және өзге де муниципалитеттер, әуежайлар және елдің жетекші университеттері қолдады. Хайфа порты жұмысын тоқтатты. "Мұнда оңшыл да, солшыл да жоқ. Мұнда – жұмысшылардың бауырластығы, отбасылардың қайғысына ортақтасу және олардың жақындарының тезірек оралуын көруге деген ортақ тілек бар", — деді порт қызметкерлері.

Израиль президенті Ицхак Герцог Тель-Авивтегі алаңға шыққандар алдында үндеу жасады.

"Ұрлап әкетіп, Газадағы қорқынышты тоннельдерде отырған адамдарға тұтқындарға мынаны айтқым келеді: сіздерді бір минут те ұмытқан жоқпыз, сіздерді үйге қайтару үшін бар күшімізді саламыз", – деді Герцог.

Алдын ала мәлімет бойынша, Израильде жексенбідегі жаппай шеру кезінде ондаған адам ұсталған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху наразылық жайлы пікірін айтты. Ол Газада кепілде отырған адамдарды босату үшін ХАМАС тобын талқандамай-ақ, онымен соғысты тоқтату жөнінде мәміле жасауды талап еткен наразылардың ұсынысы 7 қазандағы оқиға тағы қайталанатындай қауіпті жағдай тудыратынын мәлімдеді.

"Біз ХАМАС-тың толық қарусыздануын ғана емес, оған қоса Израиль Газадағы террористік элементтердің кез келген қарулану және ұйымдасу әрекетіне қарсы шараларды үздіксіз жүргізіп, ұзақ мерзімді демилитаризацияны қамтамасыз етуге тиіс деп білеміз", – деді Нетаньяху.

Оның бұл сөзінен кейін Газада кепілде отырғандардың отбасылары ортақ мәлімдеме жасап, премьерді "әрекет жасамай отыр және келіссөздерді созып жіберді" деп айыптады.

"Ұрлап әкетілген 49 ер адам мен бір әйел – біздің ағаларымыз бен әпкеміз. Оларды қайтару жауапкершілігі сіздің мойныңызда", – деп мәлімдеді олар премьерге қарата.

Израильдің оңшыл саясаткерлері – қаржы министрі Бецалель Смотрич пен ұлттық қауйіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир наразыларды сынға алып, "мұндай акциялар ХАМАС-қа пайдалы" деп мәлімдеді.

Газадағы палестиналық топтардың қолында әлі 50 шақты адам қалып отыр деген болжам бар. Кейінгі мәліметтер бойынша, солардың арасында тірі қалғаны 20-дан аспайды.