Еуропа кеңесінің басшысы Украинаның бейбітшілік шартын айқындау құқығын құрметтеуге шақырды

Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта (сол жақта) және Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен.

Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта Украинаның бейбітшілік шартын өз бетінше айқындауға деген егеменді құқығына құрметпен қарау керек деп мәлімдеді.

"Егер бітімге қол жеткізілмесе, Еуропа одағы мен АҚШ Ресейге қысымды күшейтуі керек. Украинаның өз бейбітшілік шарттарын анықтау жөніндегі егемен құқығы құрметтелуі тиіс", — деп жазды Кошта Х әлеуметтік желісінде.

Ол мұны Еуропа көшбасшылары мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Брюссельде өткен онлайн-саммитінен кейін айтты. Ол саммит Вашингтонда өткелі отырған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі алдында ұйымдастырылды.

"Біз АҚШ-тың Украинаға болашақта Ресей тарапынан болуы мүмкін агрессияның алдын алу мақсатында қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екендігін құптаймыз. Еуропа өз міндетінің үлесін орындауға әзір", — деді Кошта.

Онлайн-саммиттен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей Украинаға бейбітшілік емес, берілуді ұсынып отырғанын айтты. Ол "кез келген аумақ мәселесі қауіпсіздік кепілдіктерімен байланыстырылуы қажет" деген пікір білдірді. Макронның сөзінше, Украина қарулы күштерінің санын сақтау – елдің қауіпсіздік кепілдіктерінің құрамдас бөлігі болуға тиіс.

Сондай-ақ, Франция президенті Зеленский мен Трамптың кездесуіндегі басты мақсат Украина мен оның еуропалық одақтастары арасындағы ортақ ұстанымды таныстыру екенін жеткізді.

"Егер біз Мәскеуге әлсіздік танытсақ, болашақ қақтығыстарға жол ашамыз. Мен жаңа дипломатиялық кезеңге көшуіміз қажет екеніне сенімдімін. Біз ол жаққа [Трамппен кездесуге] Зеленскийді қолдау үшін ғана емес, сонымен қатар еуропалықтардың мүддесін қорғау үшін барамыз", — деді Макрон.

Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский "қалағандар коалициясы" отырысынан кейін: "Бейбітшілікке қол жеткізу үшін жәбірленушіге емес, агрессорға қысым жасалуы қажет", — деп атап өтті.