Азаттық пен СІМ арасындағы аккредитация сотында жарыссөз өтті

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

18 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызы бойынша сот отырысы өтті.

Дүйсенбідегі сот отырысындағы жарыссөзде Азаттық радиосы өкілдігінің мүддесін қорғаған заңгер Лилия Чаусова Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтты.

Заңгер егер сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының берген өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарап үлгермесе, ол редакцияның кінәсі емес екенін, ол үшін жауапкершілікті журналистерге артуға болмайтынын, екіншіден, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – ел заңдарына да, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. Ол соттан Қазақстан СІМ-нің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартқанын негізсіз деп тануды сұрады.

СІМ мүддесін сотта қорғап отырған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деп түсіндірді ол.

Бұл әкімшілік іс бойынша сот шешімі сейсенбі, 19 тамыз күні сағат 9:20-да жарияланбақ.

Азаттық радиосымен сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан СІМ Азаттық журналистері "Масс медиа туралы" заңның 30-бабының 4-тармағын бұзды деп отыр. Заңдағы бұл норма шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерге Қазақстан аумағында тиісті аккредитациясыз кәсіби журналистік қызмет атқаруға тыйым салады.

Биыл 14 маусымдағы хатында СІМ Азаттық журналистері заңның осы бабын бұзды деп ұйғарып, оларға аккредитация беруден бас тартқан. Аккредитациядан айырылған журналистер – Қазақстан азаматтары екеніне қарамастан, СІМ олардың шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтінін алға тартып, заңның аталған нормасы бәрібір қолданылады деп мәлімдеді.

Азаттық радиосы ондай түсіндірмемен келіспей, министрліктің бұл әрекеті заң тұрғысынан негізсіз деп есептейтінін айтып, сотқа жүгінген.

Азаттық радиосының айтуынша, журналистердің аккредитациясын ұзарту туралы өтініш ақпан айының ортасында, яғни бұрынғы аккредитация мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын берілген. Қазақстан заңына сәйкес, министрлік екі ай ішінде не аккредитация беруі, не болмаса аккредитация беруден бас тартатыны жайлы заңды түрде негізделген шешім шығаруы тиіс еді.

Ал сыртқы істер министрлігі Азаттық журналистерінің аккрадитация туралы өтінішін қарауды тағы екі айға ұзартқан. Салдарынан аккредитация мерзімі өтіп кетіп, СІМ кейін соны ілік етіп, Азаттықтың әуелі жеті журналисін, кейін тағы тоғыз қызметкерін аккредиттеуден бас тартқан.

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.