Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астананың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов вице-премьер болып тағайындалды

Алтай Көлгінов.
Алтай Көлгінов.

8 желтоқсанға дейін Астана әкімі болған Алтай Көлгінов вице-премьер болып тағайындалды. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.

Жаңа вице-премьер әлеуметтік мәселелерге жауапты болмақ: білім және ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік модернизация, мәдениет және спорт, туризм, мемлекет және жастар, отбасы саясаты, қоғамдық сананы жаңғырту, дін және этносаралық келісім, мемлекеттік тіл, демография және көші-қон саясаты.

Алтай Көлгінов 1978 жылы 15 қаңтарда туған. Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын тәмамдаған. "Болашақ" бағдарламасы бойынша Абердин университетін бітірген.

Көлгінов әр жылдары мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік, әділет министрлігі мен президент әкімшілігінде лауазымды қызметтер атқарған. 2013–2016 жылдары Орал әкімі болды. 2016—2019 жылдары Батыс Қазақстан облысына жетекшілік еткен. 2019 жылы Астана әкімі болып тағайындалды.

Көлгіновтің орнына бір күн бұрын Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Жеңіс Қасымбек тағайындалған.

Басқа да жаңалықтар

Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық ісі: прокурор айыпталушыны 11 жыл 3 айға соттауды сұрады

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ғимараты.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының ғимараты.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот процесінде прокурор айыпталушыны 11 жыл 3 айға бостандығынан айыруды сұрады. Жергілікті "Информбюро" басылымы осылай деп хабарлады.

Соттағы жарыссөзде мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов түрлі дәйектер мен куәгерлердің айғақтары айыпталушы Ернар Жиембайдың кінәсі барын дәлелдеді деп мәлімдеді.

Жиембайға Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру" және "Қылмысқа дайындалу әрі кінәліге байланысты емес себептермен аяқталмай қалған қылмысқа оқталу" деген екі бабы бойынша айып тағылған.

Жәбірленуші Берденов өзіне қалай оқ атылғанын сот кезінде баяндап берді.

"Мен көліктің екінші жағына айналып, бұғып қалдым. Бірінші оқ капотты тесіп өтті. Ту сыртымнан тағы төрт рет оқ атылды, оның бәрі маған тиді. Ол жақындап келіп, қаруды қайта оқтай бастады. Сол сәтте өзіме: "Егер қазір тұрмасаң – өлгенің", – дедім. Жиенбай екеуіміз жұлқыластық, оның қолында қару бар еді, бірақ оның жерге түскенін естідім. Содан кейін ол қашып кетуге талпынды, бірақ жүргізушім оны көлікпен қағып өтті. Сол сәтте оның қолында қару жоқ еді", – деді Берденов.

Оқиға кезінде Шымкент әкімінің орынбасары болған Берденов айыпталушы Ернар Жиембаймен қызмет бабындағы қарым-қатынасы туралы да айтты. Жиембай сол кезде қала әкімдігіне қарасты "Тұрғын үй Шымкент" ұйымының директоры болған. Оның сөзінше, екеуінің арасында жиналыс үстінде жанжал шыққан. Берденов алғашқы кездесуге Жиембай дайындықсыз келгендіктен және қойылған сұрақтарға жауап бере алмағандықтан оған ескерту жасағанын айтты.

Сотта айыпталушы болған оқиға жайлы өз нұсқасын айтты. Оның сөзінше, әйелінің телефонына жазып Берденовтың жазған хабарламасын көргеннен кейін жанжал басталған. Сондай-ақ ол жиналыста да кикілжің болғанын жеткізді.

"Маған бірінші айтқан сөзі: "Мен әкімнің орынбасары болдым. Өзім шақырмасам келмес едің. Сен өзің қайдан шыққансың?". Бұл сөзіне таңғалдым. Неге мұны естуім керек? Ол әр сөзіме өте дөрекі жауап қатты", – деді Жиембай.

Сот отырысында айыпталушы адам өлтірем деген ниеті болмағанын мәлімдеп, жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрады. Ал сотта Берденов оған қарап: "Егер еркек болсаң, әйеліңді бұл іске араластырмас едің", – деп айтты.

Биыл 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ тиіп, ол ауруханаға түскені белгілі болды. Бұл оқиғаға күдікті ретінде Ернар Жиембай ұсталып, кейін оған ресми айып тағылды.

Мамыр айында Берденов тәуір болдым деп мәлімдеген. Маусымның аяғында ол Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кеткені белгілі болды.

Бұл іс бойынша сот үкімі жақын күндері жариялануы мүмкін.

Еуропа кеңесінің басшысы Украинаның бейбітшілік шартын айқындау құқығын құрметтеуге шақырды

Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта (сол жақта) және Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен.
Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта (сол жақта) және Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен.

Еуропа кеңесінің басшысы Антониу Кошта Украинаның бейбітшілік шартын өз бетінше айқындауға деген егеменді құқығына құрметпен қарау керек деп мәлімдеді.

"Егер бітімге қол жеткізілмесе, Еуропа одағы мен АҚШ Ресейге қысымды күшейтуі керек. Украинаның өз бейбітшілік шарттарын анықтау жөніндегі егемен құқығы құрметтелуі тиіс", — деп жазды Кошта Х әлеуметтік желісінде.

Ол мұны Еуропа көшбасшылары мен Украина президенті Владимир Зеленскийдің Брюссельде өткен онлайн-саммитінен кейін айтты. Ол саммит Вашингтонда өткелі отырған АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленскийдің кездесуі алдында ұйымдастырылды.

"Біз АҚШ-тың Украинаға болашақта Ресей тарапынан болуы мүмкін агрессияның алдын алу мақсатында қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екендігін құптаймыз. Еуропа өз міндетінің үлесін орындауға әзір", — деді Кошта.

Онлайн-саммиттен кейін Франция президенті Эммануэль Макрон Ресей Украинаға бейбітшілік емес, берілуді ұсынып отырғанын айтты. Ол "кез келген аумақ мәселесі қауіпсіздік кепілдіктерімен байланыстырылуы қажет" деген пікір білдірді. Макронның сөзінше, Украина қарулы күштерінің санын сақтау – елдің қауіпсіздік кепілдіктерінің құрамдас бөлігі болуға тиіс.

Сондай-ақ, Франция президенті Зеленский мен Трамптың кездесуіндегі басты мақсат Украина мен оның еуропалық одақтастары арасындағы ортақ ұстанымды таныстыру екенін жеткізді.

"Егер біз Мәскеуге әлсіздік танытсақ, болашақ қақтығыстарға жол ашамыз. Мен жаңа дипломатиялық кезеңге көшуіміз қажет екеніне сенімдімін. Біз ол жаққа [Трамппен кездесуге] Зеленскийді қолдау үшін ғана емес, сонымен қатар еуропалықтардың мүддесін қорғау үшін барамыз", — деді Макрон.

Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский "қалағандар коалициясы" отырысынан кейін: "Бейбітшілікке қол жеткізу үшін жәбірленушіге емес, агрессорға қысым жасалуы қажет", — деп атап өтті.

Азаттық пен СІМ арасындағы аккредитация сотында жарыссөз өтті

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.

18 тамызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Азат Еуропа/Азаттық радиосы – Қазақстан өкілдігінің (RFE/RL-Қазақстан) Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне қарсы берген әкімшілік талап арызы бойынша сот отырысы өтті.

Дүйсенбідегі сот отырысындағы жарыссөзде Азаттық радиосы өкілдігінің мүддесін қорғаған заңгер Лилия Чаусова Азаттық қызметкерлерінің аккредитация мерзімін ұзарту бойынша уақытылы берген өтінішін қарауды министрліктің өзі бірнеше айға созып, кейін сол кезеңде кәсіби қызметімен айналысқан журналистерді "қисынсыз уәжбен" аккредиттеуден бас тартқанын айтты.

Заңгер егер сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының берген өтінішін заңда белгіленген мерзімде қарап үлгермесе, ол редакцияның кінәсі емес екенін, ол үшін жауапкершілікті журналистерге артуға болмайтынын, екіншіден, шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарына кәсіби қызметпен айналысуға тыйым салу – ел заңдарына да, халықаралық құқық нормаларына қайшы келетінін айтты. Ол соттан Қазақстан СІМ-нің Азаттық журналистерін аккредиттеуден бас тартқанын негізсіз деп тануды сұрады.

СІМ мүддесін сотта қорғап отырған заңгер Әсел Мамашева Азаттық радиосы қызметкерлері аккредитация мерзімін созу туралы берген өтініші қаралып жатқан кезде журналистік қызметпен айналысып, шетелдік БАҚ өкілдеріне тиісті аккредитациясы болмаса, ел аумағында жұмыс істеуіне тыйым салынатыны жазылған заң нормасын бұзды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, СІМ журналистердің қандай тақырыпта, не жайында жазғанына бола емес, аккредитациясыз жұмыс істегені үшін заң талабын бұзды деп біледі. Сондықтан оларға аккредитация берілмейді деп түсіндірді ол.

Бұл әкімшілік іс бойынша сот шешімі сейсенбі, 19 тамыз күні сағат 9:20-да жарияланбақ.

Азаттық радиосымен сотқа дейінгі бітімге келуден бас тартқан СІМ Азаттық журналистері "Масс медиа туралы" заңның 30-бабының 4-тармағын бұзды деп отыр. Заңдағы бұл норма шетелдік БАҚ пен шетелдік журналистерге Қазақстан аумағында тиісті аккредитациясыз кәсіби журналистік қызмет атқаруға тыйым салады.

Биыл 14 маусымдағы хатында СІМ Азаттық журналистері заңның осы бабын бұзды деп ұйғарып, оларға аккредитация беруден бас тартқан. Аккредитациядан айырылған журналистер – Қазақстан азаматтары екеніне қарамастан, СІМ олардың шетелдік БАҚ-та жұмыс істейтінін алға тартып, заңның аталған нормасы бәрібір қолданылады деп мәлімдеді.

Азаттық радиосы ондай түсіндірмемен келіспей, министрліктің бұл әрекеті заң тұрғысынан негізсіз деп есептейтінін айтып, сотқа жүгінген.

Азаттық радиосының айтуынша, журналистердің аккредитациясын ұзарту туралы өтініш ақпан айының ортасында, яғни бұрынғы аккредитация мерзімі аяқталғанға дейін екі ай бұрын берілген. Қазақстан заңына сәйкес, министрлік екі ай ішінде не аккредитация беруі, не болмаса аккредитация беруден бас тартатыны жайлы заңды түрде негізделген шешім шығаруы тиіс еді.

Ал сыртқы істер министрлігі Азаттық журналистерінің аккрадитация туралы өтінішін қарауды тағы екі айға ұзартқан. Салдарынан аккредитация мерзімі өтіп кетіп, СІМ кейін соны ілік етіп, Азаттықтың әуелі жеті журналисін, кейін тағы тоғыз қызметкерін аккредиттеуден бас тартқан.

Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists – IFJ), Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Азаттықтың 16 журналисіне аккредитация бермеуін сөз бостандығына жасалған шабуылға теңеп, Қазақстан билігін еркін баспасөз принциптерін қолдауға шақырған.

"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымының сөз еркіндігі индексінде Қазақстан 180 елдің арасында 141-орында тұр. Алайда ресми Астана бұл бағамен келіспейді, қазақстандық билік өкілдері елде еркін баспасөзді дамыту үшін барлық жағдай жасалған дейді.

ХАМАС Израильдің Газа тұрғындарын оңтүстікке көшіру жоспарына қарсы болып отыр

Газа қаласындағы көрініс. 14 тамыз, 2025 жыл.
Газа қаласындағы көрініс. 14 тамыз, 2025 жыл.

АҚШ пен Еуроодақ террористік ұйым деп таныған палестиналық ХАМАС тобы Израильдің Газа тұрғындарын қаладан анклавтың оңтүстігіне көшіру жоспарын "геноцидтің жаңа толқыны" деп атады. Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.

Бұған қоса, ХАМАС Израильдің Газа секторының оңтүстігінде шатырлар мен паналауға арналған өзге де жабдықтар орналастыру жоспарын "оккупациялық күштер жасамақ болған қатыгез қылмысты бүркемелеуді" көздеген "өрескел алдау" деп сипаттады.

Бұған дейін Израиль Газаның солтүстік бөлігін басып алу мақсаты барын мәлімдеген.

16 тамыз күні Израильдің қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі Авихай Эдри жексенбіден бастап "БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдардың қолдауымен" Газа секторына уақытша баспана жасауға қажетті шатырлар мен өзге де құрал-жабдықтар әкелуге қайтадан рұқсат берілетінін хабарлады.

Оның айтуынша, мұндай шешім "Газадағы бейбіт тұрғындарды ұрыс жүріп жатқан аудандардан анклавтың оңтүстігіндегі гуманитарлық аймақтарға көшіруге дайындық аясында" қабылданған. Алайда көшіру нақты қашан басталатыны айтылмады.

ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Израильдің кейінгі әуе шабуылдары салдарынан кемінде 40 адам қаза тапқан. Сенбі күні әл-Муваси ауданындағы шатырға шабуыл жасалған, ал ол аумақты бұған дейін Израиль гуманитарлық аймақ деп жариялаған еді деп жазды The Guardian басылымы. Шабуыл салдарынан нәресте қыз бен оның ата-анасы мерт болған.

  • 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылы салдарынан 1200-ден астам адам қаза тапқан. ХАМАС израильдіктер мен шетелдіктерді қоса алғанда 253 адамды кепілге ретінде Газа секторына алып кеткен. Бұдан кейін Израиль ХАМАС-ты жою мақсатында Газа секторында ауқымды әскери операция бастаған. Қазіргі таңда Газада қалған 50-ге жуық тұтқынның шамамен 20-сы ғана тірі болуы мүмкін деген болжам бар.
  • ХАМАС бақылауындағы Газа денсаулық сақтау министрлігі Израильдің әскери іс-қимылдары салдарынан секторда 61 мыңнан астам адам қаза тапқан дейді, алайда қазіргі уақытта бұл деректі растау мүмкін болмай отыр.

Уиткофф: Мәскеу бес украин аймағына қатысты ымыраға барды

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф

АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф CNN арнасында сөйлеген сөзінде Мәскеу бес украин аймағына байланысты "біраз ымыраға келді" деп мәлімдеді. Уиткоффтың айтуынша, Вашингтон жер айырбастау мәселесін 18 тамыз, дүйсенбі күні Ақ үйде Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесуде талқыламақ.

"Бұл мәселе бойынша белгілі бір айқындыққа қол жеткіземіз әрі мұның бәрі жақын арада бейбіт келісіммен аяқталады деп үміттенемін", — деді Уиткофф.

Арнайы өкіл нақты қай жерлерді меңзегенін және бұл мәселенің басқа егжей-тегжейін ашып айтқан жоқ.

Бұған қоса Уиткофф Вашингтон мен Мәскеу қауіпсіздік саласында да келісімге қол жеткізгенін айтты.

"Біз қауіпсіздік кепілдіктері туралы уағдаластық, оларды ойын ережесін өзгертетіндей деп сипаттар едім. Біз АҚШ тарапынан [НАТО Жарғысының] бесінші бабына сәйкес қорғау жөніндегі келісімге осыншалық жақындаймыз деп ойламаған едік, Ресейде бейбіт келісім заңдастырылғаннан кейін басқа аумақтарға қол сұқпау, сондай-ақ Ресейдің басқа еуропалық мемлекеттерге шабуыл жасамайтыны және олардың егемендігін бұзбайтыны жөнінде міндеттемені заң жүзінде бекітетіндігіне қол жеткіздік", — деді Уиткофф.

Reuters пен Financial Times бұған дейін Аляскадағы келіссөздер барысында Ресей, егер Киев Донбасс өңірінде Украина қарулы күштері бақылауда ұстап отырған жерден шегінетін болса, онда Мәскеу Запорожье мен Херсон облыстарында майдан шебін бір орнында қалдырып, Сумы мен Харьков облыстарындағы өзі басып алған аудандардан әскерін әкетуді ұсынған деп жазған.

Financial Times-тың Зеленскийдің позициясымен таныс дереккөздері оның Донбасс аумағының бір бөлігін Ресейге беруге келіспейтінін, бірақ 18 тамызда аумақ мәселесін талқылауға дайын екенін айтады. Басылымның дереккөздері украин президентінің АҚШ пен Ресей президенттерімен бірге үшжақты кездесу аясында да талқылауға ашық екенін жеткізді.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Вашингтон Украинадан Ресей әскері басып алып отырған аумақтарынан бас тартуды талап етіп отырған жоқ деп мәлімдеді.

"Украинаға мұндай қысым жасалып жатқан жоқ, сондықтан бейбіт келісім дәл осылай көрінеді деп ойламаймын. Алайда Путин нақты талаптар қояды, ол украиндер мен өзгелер қолдауға дайын емес нәрсені сұрайды. Біз оларды бұған мәжбүрлемейміз", — деді Рубио NBC News арнасына берген сұхбатында.

Ол сондай-ақ Ресейге жаңа санкциялар енгізу Мәскеу мен Киев арасындағы бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкіндігін азайтады деп санайды "Ресейге қарсы жаңа санкциялар оларды атысты тоқтатуға келістіреді деп ойламаймын. Олар қазірдің өзінде өте қатаң санкциялар құрсауында отыр", — деді Рубио.

АҚШ пен Ресей президенттері 16 тамызда Аляскада кездескеннен кейін Трамп Зеленскиймен телефонмен сөйлесті, оған Марко Рубио мен Стив Уиткофф та қатысты. Кейінірек әңгімеге еуропалық көшбасшылар, сондай-ақ НАТО мен Еурокомиссия өкілдері қосылды.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, Трамп жерге қатысты шешім қабылдау Украинаның өз қолында екенін ерекше атап өткен. Дегенмен, дереккөздерге сүйенсек, Путиннің ұстанымы өзгермеген — ол Украина әскері бүкіл Донбасс аумағынан кетсін деген талап қойып отыр.

АҚШ пен Ресей президенттерінің Аляскадағы кездесуі украин шенеуніктерін енді Киевке капитуляциямен бірдей шартты күштеп таңып жүрмей ме деп алаңдатып қойғанын Financial Times басылымы жазды.

"Эластик" зауытындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 14 адамға жетті

Ресейдің Рязань облысындағы "Эластик" зауытында жарылыс болған жерде жүрген құтқарушылар. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің
баспасөз қызметі таратқан сурет.
Ресейдің Рязань облысындағы "Эластик" зауытында жарылыс болған жерде жүрген құтқарушылар. Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан сурет.

Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, "Эластик" зауытындағы оқ-дәрі цехында болған жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 14 адамға жеткен.

Құтқарушылар жарылыстан бүлініп-қираған үйінділерді аршып жатыр, адамдарды іздестіру жалғасып жатыр деп хабарлады министрлік.

Нақты мәлімет бойынша, зауыттағы жарылыс салдарынан 149 адам зардап шеккен.

Ресейдің Рязань облысындағы "Эластик" зауытында 15 тамыз күні таңертең күшті жарылыс болған еді. Оқ-дәрі цехы ғимараты толығымен қирап, үлкен өрт шыққан.

Алдын ала деректерге сәйкес, жарылысқа қауіпті заттармен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік техникасы талаптарын өрескел бұзу себеп болуы мүмкін деген болжам бар.

Тергеу комитеті өндірістегі қауіпсіздік талаптарын бұзу салдарынан екі немесе одан да көп адамның абайсызда қаза болуына әкеп соққан оқиға бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Израильде жаппай шеруге шыққандар Газада кепілде отырғандар туралы келісім жасауды талап етті

Тель-Авив көшесіне жаппай шеруге шыққан адамдар. 17 тамыз, 2025 жыл
Тель-Авив көшесіне жаппай шеруге шыққан адамдар. 17 тамыз, 2025 жыл

17 тамыз күні Израильде жаппай шеруге шыққан халық ел үкіметінен ХАМАС тобымен (АҚШ пен Еуроодақта терроритстік ұйым деп танылған) Газада кепілде ұсталып отырған адамдарды босату жөнінде келісім жасасуды талап етті. Оларды ХАМАС 2023 жылғы 7 қазанда Израильге шабуыл жасаған кезде күштеп Газаға алып кеткен.

Қырғын құрбандары мен қазір кепілде отырғандардың отбасыларының өкілдері мәлімдеме жасады.

"Израиль үкіметіне қоятын жалғыз ғана қарапайым талабымыз бар: соңғы тұтқынға дейін босату шартымен соғысты тоқтату туралы израильдік мәміле жоспарын бүгіннен қалдырмай ұсынсын", –деді 2023 жылғы 7 қазанда Nova фестивалінде қаза тапқан қыздың анасы Наоми Абир.

Израильдегі жаппай ереуілге жұрттың көбі қолдау білдіріп, жұмысқа шықпады. Жексенбі күні таңертеңнен бастап бүкіл ел бойынша жолдар жабылды, негізгі автомагистральдерде, соның ішінде Тель-Авивтен Иерусалимге баратын жолда да көліктер бөгелді. Полиция наразыларды тарату үшін су шашатын арнайы құрал қолданды.

Хайфада тәртіп сақшылары наразылық акциясына қатысушыларға күш қолданды. Иерусалимде ондаған адам стратегиялық мәселелер жөніндегі министр Рон Дермердің үйінің алдына жиналып, Газада кепілде отырған адамдарды босату және соғысты тоқтату туралы келісім жасауды талап етті.

Жаппай ереуілді технологиялық компаниялар, Тель-Авивтегі және өзге де муниципалитеттер, әуежайлар және елдің жетекші университеттері қолдады. Хайфа порты жұмысын тоқтатты. "Мұнда оңшыл да, солшыл да жоқ. Мұнда – жұмысшылардың бауырластығы, отбасылардың қайғысына ортақтасу және олардың жақындарының тезірек оралуын көруге деген ортақ тілек бар", — деді порт қызметкерлері.

Израиль президенті Ицхак Герцог Тель-Авивтегі алаңға шыққандар алдында үндеу жасады.

"Ұрлап әкетіп, Газадағы қорқынышты тоннельдерде отырған адамдарға тұтқындарға мынаны айтқым келеді: сіздерді бір минут те ұмытқан жоқпыз, сіздерді үйге қайтару үшін бар күшімізді саламыз", – деді Герцог.

Алдын ала мәлімет бойынша, Израильде жексенбідегі жаппай шеру кезінде ондаған адам ұсталған. Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху наразылық жайлы пікірін айтты. Ол Газада кепілде отырған адамдарды босату үшін ХАМАС тобын талқандамай-ақ, онымен соғысты тоқтату жөнінде мәміле жасауды талап еткен наразылардың ұсынысы 7 қазандағы оқиға тағы қайталанатындай қауіпті жағдай тудыратынын мәлімдеді.

"Біз ХАМАС-тың толық қарусыздануын ғана емес, оған қоса Израиль Газадағы террористік элементтердің кез келген қарулану және ұйымдасу әрекетіне қарсы шараларды үздіксіз жүргізіп, ұзақ мерзімді демилитаризацияны қамтамасыз етуге тиіс деп білеміз", – деді Нетаньяху.

Оның бұл сөзінен кейін Газада кепілде отырғандардың отбасылары ортақ мәлімдеме жасап, премьерді "әрекет жасамай отыр және келіссөздерді созып жіберді" деп айыптады.

"Ұрлап әкетілген 49 ер адам мен бір әйел – біздің ағаларымыз бен әпкеміз. Оларды қайтару жауапкершілігі сіздің мойныңызда", – деп мәлімдеді олар премьерге қарата.

Израильдің оңшыл саясаткерлері – қаржы министрі Бецалель Смотрич пен ұлттық қауйіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир наразыларды сынға алып, "мұндай акциялар ХАМАС-қа пайдалы" деп мәлімдеді.

Газадағы палестиналық топтардың қолында әлі 50 шақты адам қалып отыр деген болжам бар. Кейінгі мәліметтер бойынша, солардың арасында тірі қалғаны 20-дан аспайды.

 Тоқаев пен Путин телефонмен сөйлесті

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин

17 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефонмен сөйлесті.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинді АҚШ президенті Дональд Трамппен “Анкориджде өткен кездесу қорытындысымен” құттықтаған.

“Президенттің пікірінше, келіссөздер Ресейдің Украина жөніндегі ұстанымын америкалық тараптың жақсы түсінуіне септігін тигізді. Бұл күрделі мәселенің шешімін іздеуде ортақ тіл табысуға көмектеседі” деп жазылған Ақорда хабарламасында.

Ақорданың жазуынша, Владимир Путин Тоқаевқа Аляскада өткен келіссөздің кейбір нақты аспектілері туралы мәлімет берген. Бірақ хабарламада нақты қандай мәлімет екені айтылмаған.

Тоқаев пен Путиннің телефон әңгімесі жөнінде Кремль ақпараты әзірге жарияланбады.

15 тамызда АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей басшысы Владимир Путин Аляскада кездескен. Бұл Трамптың қаңтарда Ақ үйге оралғаннан бері Путинмен алғаш рет кездесуі.

Саммит барысында тараптар ешқандай келісім жасаспаған. Алайда Трамп кездесуді "ірі прогресс" деп бағалады, ал Путин Трамппен кейбір мәселе бойынша "келісім жасасқанын" мәлімдеп, бірақ жай-жапсарына тоқталмады.

Сарапшылар бұл келіссөзден Ресей жағы көп ұтты деп санайды: 2022 жылы ақпаннан бері Ресей Украинаға басып кіргелі бері Батыс пен әлемнің қалған бөлігінен аластатылған, санкцияға ілініп, Халықаралық қылмыстық сотпен қамау қаупі төнген саясаткер Путин бір мезетте Америка жерінде құрметпен қарсы алынып, АҚШ президенті оның қолын қысты, әлемдік ақпарат құралдары олар туралы жарыса жазды. Бұл оның халықаралық дипломатия сахнасына қайтып оралғанын білдіреді деді олар. Ал бір жеті бұрын ғана санкцияны күшейтетінін айтып, сес көрсеткен Трамптың шектеулері саммиттен кейін мүлде айтылмады.

Reuters: Путин Трамппен кездесу кезінде Қырымды "Ресей жері" деп тануды талап еткен

Анкориджде баспасөз конференциясын өткізіп тұрған АҚШ және Ресей басшылары. 15 тамыз, 2025 жыл.
Анкориджде баспасөз конференциясын өткізіп тұрған АҚШ және Ресей басшылары. 15 тамыз, 2025 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ басшысы Дональд Трамппен кездесу кезінде Украинадағы атысты тоқтату бойынша келісім аясында аннексияланған Қырымды Ресей жері деп тануды талап еткен. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.

Мәселе тек АҚШ-тың мойындауы жөнінде болып отыр ма, әлде Батыс елдері мен Украинаның мойындауы жөнінде де болып отыр ма, белгісіз. Дереккөздің айтуынша, Путин Ресейге қарсы салынған санкцияның тым болмағанда бір бөлігін алып тастағанын қалайды.

Путин ұсынған шартқа сәйкес, Киев тұтас Донецк және Луганск облыстарынан әскерін кетуі керек – сонда Ресей Херсон мен Запорожье облыстарында майдан сызығында атысты тоқтатады. Ал Украина өз жерінен кету туралы кез келген ұсыныстан үзілді-кесілді бас тартқан.

Ақпаратқа қарағанда, Ресей Сумы облысының солтүстігінде және Харьков облысының солтүстік-шығысында басып алған салыстырмалы түрде шағын аумақты қайтаруға дайын.

DeepState мәліметінше, Ресей осы екі облыста шамамен 440 шаршы шақырымды бақылайды. Украина Донбастың шамамен 6600 шаршы шақырымын бақылауда ұстап отыр.

Дереккөздердің айтуынша, Ресей Украинаның кейбір бөлігінде орыс тіліне ресми мәртебе беруді, елде Орыс православ шіркеуінің еркін қызмет етуіне рұқсат беруді талап етіп отыр.

Fox News Мелания Трамптың Путинге жазған балалар туралы хатын жариялады

Мелания Трамп
Мелания Трамп

Fox News Мелания Трамптың Путинге жазған балалар туралы хатын жариялады.

Бұл хатты АҚШ президенті Дональд Трамп Аляскада Ресей басшысы Владимир Путинге тапсырған.

Ақпаратқа қарағанда, Путин оны сол жерде оқыған. Хат жөнінде алғаш жазған Reuters онда украин балаларының қасіреті туралы жазғанын хабарлаған еді. Бірақ хаттың мазмұнына қарағанда онда ол өте бұлыңғыр жазылған: онда тіпті Украина сөзі де айтылмайды.

“Қазіргі әлемде кейбір балалар айналасындағы қараңғылықтан аман қалған үнсіз күлкімен жүруге мәжбүр – бұл олардың болашағын тартып алуы мүмкін күштерге көрінбейтін қарсылықтың белгісіндей” деп жазылған хатта.

“Путин мырза, сол әуенді күлкіні сіз қалпына келтіре аласыз. Сол балаларды қорғау арқылы тек Ресей ғана емес, бүкіл адамзатқа қызмет етесіз” деп жазған Мелания Трамп. Хат көркем тілмен жазылған

Әзірге, Кремльдің реакциясы белгісіз.

Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялағаны үшін Гаага халықаралық қылмыстық істер соты 2023 жылы 17 наурызда Владимир Путин мен Ресей бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер берген.

Politico: Еуропа жетекшілері Трамппен кездесу кезінде Зеленскийге көмектескісі келеді

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ басшысы Дональд Трамп.
Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ басшысы Дональд Трамп.

Дереккөздерге сүйенген Politico-ның жазуынша, Еуропа жетекшілері Украина президенті Владимир Зеленскийдің алдағы Вашингтонға сапары барысында оны қолдауға ниетті. Осы мақсатта Зеленскиймен қатар Вашингтонға НАТО бас хатшысы Марк Рютте және Финляндия президенті Александр Стубб баруы да мүмкін. Бұл екі саясаткердің Трамппен қатынасы жақсы.

Axios-тың жазуынша, Владимир Зеленский және Еуропа басшыларымен телефон әңгіме кезінде АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путинмен үшжақты келіссөзді 22 тамызда өткізгісі келетінін айтқан. Алайда Путин мұндай кездесуге қатысатынын ресми түрде айтпаған.

Трамп Путинмен Аляскадағы кездесуден кейін атысты тоқтатуды емес, Ресей мен Украина арасында бейбіт келісім жасалғанын қалайтынын жеткізген.

Киев Донбаста украин күштері бақылап отырған аумақтан кетпейтінін мәлімдеген. Алайда бұл – Мәскеу алға тартып отырған негізгі талаптардың бірі.

Бұған қоса, бірқатар ақпарат құралдары Трамп Украинаға Мәскеумен бейбітшілік шартына қол қойған жағдайда қауіпсіздігіне кепілдік беруді ұсынғанын жазды. Мәселе НАТО-ның бесінші бабында жазылған ұжымдық қорғаныс жөнінде болып отыр. Бұл бапқа сәйкес, жаңа соғыс басталған жағдайда гарант-елдер басқыншыға бірігіп жауап береді.

Марат Жыланбаевтың туған күніне орай "марафон өтетін күні" Алматыда бірнеше адам ұсталғаны хабарланды

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина және заңгер Маржан Аспандиярова. Алматы, 31 шілде 2025 жыл.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина және заңгер Маржан Аспандиярова. Алматы, 31 шілде 2025 жыл.

Алматыда "Марат Жыланбаевтың туған күніне орай марафон өтетін күні" құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина мен тағы кемінде екі белсендінің ұсталғаны хабарланды.

Жексенбі, 17 тамызда таңертең құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина желіде өзін полиция ұстағанын хабарлады.

“Мені ұстап жатыр, Алмалы аудандық полиция басқармасына апара жатыр” деп жазды ол. Қазір құқық қорғаушының телефоны сөндірулі.

Алмалы аудандық полиция басқармасының кезекші бөлімінде отырған өзін Данияр Мансұров деп таныстырған қызметкер әзірге полиция басқармасына ешкім әкелінбегенін айтты. Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек ақпаратты анықтап көретінін, өзі хабарлайтынын айтты.

Адвокат Ғалым Нұрпейісов қазір полиция басқармасына бара жатқанын, мән-жайды сол жақтан білетінін айтты.

Жексенбі күні таңертең Алматыда сонымен бірге белсенділер Нинагуль Жұманиязова мен Күміс Құлманованың да ұсталғаны хабарланды. Олар Марат Жыланбаевтың туған күніне орай өтетін шараға бара жатқан жолда ұсталды деп хабарлады "БелсенділерЭстремистерЕмес" тобы.

Полиция әзірге түсініктеме бермеді.

Қазақстанда оппозиция немесе тәуелсіз тұлғаларға қатысты қандай да бір шара, жиын немесе митинг өтер алдында полицияның белсенділерді ұстауы - жиі қолданылатын тәжірибе. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін азаматтардың пікір және жиналу еркіндігі құқықтарын бұзды деп жиі сынайды. Ресми Астана халықаралық құқық қорғау ұйымдарының сынымен келіспейді.

Кейінгі кезде түрмедегі оппозиция белсендісі Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты қарама-қайшы ақпараттар жарияланып жатыр. Құқық қорғаушылар түрмеде "ұзақмерзімдік аштық жариялады" деген Марат Жыланбаевтың денсаулығына қатысты дабыл қағып, оған медициналық көмек көрсетуді және оған тәуелсіз құқық қорғаушыларды, журналистерді кіргізуді талап еткен, азаматтық белсенділер оны босатуды талап еткен. Ал қылмыстық-атқару жүйесі департаменті оның "денсаулығы мүшкіл" деген ақпаратты жоққа шығарған. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев белсендінің денсаулығы күрт нашарлады деген сөздерді "хайп" деп атаған.

Жыланбаевтың ахуалы жайлы дабыл қаққан құқық қорғаушы Төреғожинаға 31 шілдеде 78 мың теңге айыппұл салынды. Оған "жалған ақпарат таратты" деген айып тағылды. Ал құқық қорғаушы айыпқа келіспеді. Халықаралық ұйымдар шешімді сынады.

Бір күн бұрын құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина түрмедегі белсенді Марат Жыланбаев туралы жазба жариялаған.

15 тамызда “Письма президенту” телеграм-арнасы Марат Жыланбаевтың түрмедегі камерадан түсірілген видеосын жариялаған.

“Аштықтың салдарынан марафоншы Марат Жыланбаевтың жағдайы мүшкіл деген интернетте тараған ақпаратты жоққа шығаратын эксклюзивті кадрлар алынды. Бақытжан Төреғожина спортшының жағдайы туралы хабарлаған” деп жазылған видео сипаттамасында

Шамамен бір минуттық видеода Марат Жыланбаевтың жеңіл жаттығу жасап, тамақ ішкені, кітап оқығаны көрінеді. Видеоның қашан түсірілгені белгісіз. Онда таймер көрсетілмеген.

16 тамызда құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина сол видеоға қатысты пікірін жазған.

“Билік енді менің ақпаратымды күн сайын жоққа шығара ма? Маратты тірі көру үшін күн сайын жазуға дайынмын! Қараңыздар, терісі терісіне жабысып тұр. Ол кеше аштықтан шыққан кезде түсірген сияқты” деп жазған құқық қорғаушы.

Оның ұсталуына осы жазбаның қатысы бар-жоғы белгісіз.

  • 61 жастағы Марат Жыланбаев – Гиннестің рекордтар кітабына енген жеті рекордтың иегері атанған ультрамарафоншы ретінде көпке танылған. Ол тіркелмеген оппозициялық "Алға, Қазақстан!" партиясының бастамашыл тобының жетекшісі болған. 2023 жылдың көктемінде белсенді қамауға алынып, оның ісін жабық қараған Астана соты сол жылы қарашада Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша жеті жылға бостандығынан айырған.
  • Соттың ұйғарымы бойынша Жыланбаев: "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы экстремистік ұйым деп танылғанын біле тұра Астана қаласы аумағында "ҚДТ" ұйымының қызметіне белсенді түрде араласып, Мұхтар Әблязов ұйымдастырған заңсыз митингілерге қатысқан. Сонымен қатар, Әблязов пен және оның шетелдегі штабымен байланыс орнатып, олардың Конституциялық құрылымды күштеп өзгертуді көздейтін тапсырмаларын орындаған. 2021 жылы Жыланбаев М.Т. қоғамға қауіпті салдарды түсіне отырып, Әблязовтың тапсырмасын орындап, Астана қаласындағы Республика даңғылында орналасқан ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке келіп, "ҚДТ" ұйымының қызметін насихаттаған. 2022-2023 жылдары Жыланбаев М.Т. "ҚДТ" қызметінің экстремистік сипатын біле тұра, басқа адамдармен сөз байласып, оған ақпараттық, қаржылық және өзге де көмек көрсеткен. Әлеуметтік желіде ұйымды қаржыландыруға және оған қосылуға шақырған". Сот оны қоғамнан оқшаулап қана түзетуге болады деген ұйғарымға келген.
  • Жыланбаев пен оның жақтастары тағылған айыптарды саяси астары бар деп жоққа шығарды.
  • 2018 жылы Қазақстан соты ҚДТ қозғалысын "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент 2019 жылы наурызда қабылдаған қарарында ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған.
  • Қазақстандық құқық қорғаушылар биліктің саясатын қатты сынайтын Марат Жыланбаевты "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Жоғарғы сот пикетке рұқсат ала алмаған ақтөбелік белсендіге қатысты шыққан шешімдердің күшін жойды

Көру қабілетінен айырылған Мұсағали Дауылов Ақтөбеде пикет өткізіп тұр. 21 қаңтар 2025 жыл. Oyan, Qazaqstan жариялаған сурет.
Көру қабілетінен айырылған Мұсағали Дауылов Ақтөбеде пикет өткізіп тұр. 21 қаңтар 2025 жыл. Oyan, Qazaqstan жариялаған сурет.

Жоғарғы сот көру қабілетінен айырылған ақтөбелік белсенді Мұсағали Дауыловтың кассациялық шағымын қанағаттандырып, бірінші және апелляциялық инстанция шығарған шешімдердің күшін жойды. Бұл жөнінде Азаттық Азияға құжаттардың көшірмесін жіберген белсендінің өзі хабарлады.

Белсендінің сөзінше, бұл шешімдер пикет өткізу туралы өтініштерін кері қайтару үшін қолданылған, бұл оны қала әкімдігін сотқа беруге итермелеген.

"Мен [пикет өткізуге рұқсат бермеу] туралы әкімнің қаулысы мен әкімнің төтенше жағдай енгізу туралы шешімін заңсыз деп тану туралы шағым түсірдім. Сот істі қараудан бас тартты. Сондықтан апелляциялық шағым түсірдім. Апелляциялық инстанция бірінші инстанциямен келісіп, шешім шығарды – менің шағымымды қараусыз қалдырды. Кассациялық инстанцияға жүгіндім, ол бірінші және апелляциялық соттың шешімдерінің күшін жойып, бірінші инстанцияға қарауға жіберді" деді Дауылов.

Алдыңғы инстанциялардың шешімінің күші жойылғаннан кейін Дауылов істі жаңадан қарау жөнінде шағым түсірген.

Ақтөбе тұрғыны Мұсағали Дауылов жалғыз адамдық пикет пен митинг өткізу туралы ондаған өтініш беріп, рұқсат ала алмаған. Оның сөзінше, кейбір жағдайда билік 2024 жылдың 29 наурызында көктемгі тасқын кезінде енгізілген табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимінің ұзартылғанын алға тартқан. Интернетте Ақтөбе қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимінің күші жойылғаны туралы құжат табылмады.

Биыл жылдың басында Дауылов Темірлан Еңсебекті қолдап пикет өткізгісі келген. Әкімдік берілген 10 өтініштің 9-ына рұқсат бермеген.

Reuters: Трамп Путинге әйелінің хатын тапсырды. Онда Украинада ұрланған балалар жөнінде айтылған

Владимир Путин мен Дональд Трамп келіссөзден кейін. Анкоридж. 15 тамыз 2025 жыл.
Владимир Путин мен Дональд Трамп келіссөзден кейін. Анкоридж. 15 тамыз 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамптың әйелі Мелания Трамп Владимир Путинге беріп жіберген жеке хатында Украина мен Ресейдегі балалардың жағдайы туралы жазған. Бұл жөнінде Ақ үйдегі екі дереккөзге сүйенген Reuters жазды.

Бұл хатты Путинге Аляскадағы келіссөз кезінде Трамптың өзі жеке тапсырды.

Reuters-пен сөйлескен ресми тұлғалар хаттың мазмұнына тоқталмады, бірақ Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ұрланған балалар туралы айтылғанын ғана атап өтті.

Трамп пен Путин Аляскадағы Элмендорф-Ричардсон америкалық әскери базасында 15 тамызда кешке кездескен. Саммиттен кейін АҚШ президенті келіссөз "өнімді" өткенін атап өтіп, тараптар "көп мәселе бойынша" келіскенін жеткізді.

"Өте көп пункт бойынша келістік. Бірер маңызды тұста келісе алмадық. Сондықтан келісім жоқ" деді Трамп.

Украинаның оккупацияланған аумағынан балаларды Ресейге заңсыз депортациялағаны үшін Гаага халықаралық қылмыстық істер соты 2023 жылы 17 наурызда Владимир Путин мен Ресей бала құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы тұтқындау туралы ордер берген.

Польша президенті: Ресей әскерін шайқаста жеңуге болады

Кароль Навроцкий Варшавадағы әскери парадта сөйлеп тұр, 15 тамыз 2025 жыл.
Кароль Навроцкий Варшавадағы әскери парадта сөйлеп тұр, 15 тамыз 2025 жыл.

Ресей әскерін шайқаста жеңуге болатынын тарих дәлелдеген. 1920 жылы Варшавадағы шайқаста поляк сарбаздарының Қызыл армияны жеңгеніне 105 жыл толуына орай ұйымдастырылған әскери парад кезінде Польша президенті Кароль Навроцкий осылай деп мәлімдеді.

"Ресей жеңілмейтін ел емес. 20 ғасырдың басында Жапониядан жеңілді, 1920 жылы поляктардан жеңілді, ал қазір Украинаға басып кіргеннен кейін үш жылдан астам уақыт бойы ауыр кезеңді бастан өткеріп жатыр - одақтастардың қолдауы мен еркін елдердің ынтымағының арқасында" деді Навроцкий. Оның сөзінен Reuters үзінді келтіреді.

Варшавадағы парадқа шамамен 4 мың поляк әскері, НАТО елдерінен 200 сарбаз қатысты. Қала төбесінен шамамен 50 ұшақ ұшып өтті, арасында F-16 жойғыш ұшағы да бар. Ал Висла өзені бойымен Leopard, K2 және Abrams танкілері, оқ өтпейтін Borsuk және Rosomak әскери көліктері, Patriot және HIMARS артиллериялық жүйелері сап түзеп жүрді. Балтық теңізінде де 20 кеме қатысқан әскери-теңіз парады өтті.

Әскери парад Аляскадағы АҚШ пен Ресей президенттерінің кездесуіне дайындық қарсаңында өткен. Трамптың жақтасы Навроцкий жуырда Трамп пен Еуропа басшылары қатысқан Украина мәселесіне арналған телеконференцияға қатысқан.

НАТО мүшесі, Киевтің ірі әскери донорларының бірі Польша Ресей жағынан қауіп барын мәлімдеп келеді. 2026 жылы Варшава әскери шығынының көлемін жалпы ішкі өнімінің 5 пайызына жеткізгісі келеді.

Тағы

XS
SM
MD
LG